Конго-қырым қанды қызбасы (немесе көкала деп аталады) — табиғи ошақты вирустық аса қауіпті жұқпалы ауру. Бұл ауру кененің шағуы арқылы немесе ауру адамнан сау адамға жұғады. Адамдарға кененің шағуы арқылы жұғады. Бұл ауру көктем, жаз мезгілдерінде көбірек кездеседі. Кене қансорғыш жәндіктердің қатарына жатады. Көктем, жаз мезгілдерінде өсіп-өнуі үшін аса белсенділік танытып, жануарларға, сонымен қатар төрт түлік малға және адамға қан сору үшін шабуыл жасайды.
Адам денесіне кене білдірмей және ауыртпай терінің жұмсақ жеріне жабысып қан сорады. Кене Конго-қырым қанды қызбасы ауруы қыздырғышының негізгі тасымалдаушысы болып табылады. Кене ұрпақтан-ұрпаққа осы қоздырғыштардың тұқымын сақтап, таратып отырады. Сондықтан адам жеке бастың тазалығын сақтамай, кенені қолымен алып, езген жағдайда және қой қырқымы кезінде кененің қаны шашырап жұғуы мүмкін.
Аурудың белгілері кене шаққаннан кейін 2-7 күн ішінде білінеді. Науқас адамның дене ыстығы 38-40 С- градусқа дейін көтеріледі. Басы, буындары қатты сырқырап ауырады. Көзі мен тамағы қызарады, тамаққа тәбеті болмайды. Аурудың 2-5-ші күндері мұрыннан, асқазан ішектен, әйелдердің жатырынан қан кетеді, науқастың денесі бөртеді. Қол мен теріні қатты басқанда немесе ине шаншығанда қанталап, көгеріп кетеді. Науқас адам дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауру асқынып, өліп кетуі де мүмкін, сонымен қатар қасындағы адамдарға да жұқтырады.
Сақтандыру шаралары:
— Кенені қолмен ұстауға болмайды, қолмен кенені езбеу керек;
— Кене шаққанды байқасаңыз міндетті түрде емханаға бару керек.
— Мал қорадан келген соң, киімдерді қағып, оны мұқият қарап шығу керек;
— Малға қарағанда арнайы сақтану киімдерді (қолғап, халат, шалбар) киген дұрыс;
— Кене шаққан жерін йод ерітіндісімен сүрту керек,
— Қой қырқымы кезінде қолға қолғап, үстіңізге арнайы киім киген жөн.
— Мал қораны залалсыздандырып тұрған жөн.
Сақтанып жүрсеңіз, аурудан аман боласыз!

